kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық жылнамасы: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісіне қосқан үлесі туралы
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2025
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Бітібаева Қ. О. Ұлы Жаратушыдан маңдайға жазылып, пешенеңе бұйырған несібеңе адал болу; өмірде, қоғамда алдан шығар қилы-қиын кедергілер мен бөгеттердің ешқайсысына мойымай, күресе білу; тынымсыз еңбек ету; елің мен жеріңді құрметтеу; мамандығыңды жаныңдай сүйіп, аялау; ұлтқа, ұрпаққа есепсіз қызмет ету – тұлға болмысын танытар іріліктің жарқын бейнесі, ұлтжандылықтың айқын көрінісі.

Мен білетін Қанипа Бітібаева есімді қазақ халқының ер мінезді аяулы қызы сондай ұлт биігіне көтерілген кемел ойлы, кең мінезді тұлғалар санатына жатады.

Өмірде «Хан апа» атанған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева – кемеңгер Абай бабамыздың «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» қағидаларын берік ұстанған, табиғатынан өресі мен өрісі бөлек, жаратылыс-болмысы ерекше жан. Сондықтан болар кеңес дәуірінің өзінде ол дәстүрлі оқыту мен жаңа технологияның үздік тұстарын қатар қолдана отырып, Жамбыл мектеп-гимназиясын ең жоғары деңгейге көтерді.

Өскемен секілді қазақ ұлтының үлес салмағы сын көтермейтін қалада Жамбыл мектебінің атағын айдай әлемге жайып, үлгілі оқу орны деген биікке көтеріп, әдебиетті тереңдете оқытатын атаулы мектепке айналдырудың төркінінде іргелі, ұлы мақсаттардың жатқаны анық.

Ұлы түріктердің ата жұрты болған қасиетті Алтайдың басына не келіп, не кетпеді?!. Өрел мен Берелдің, қарт Тарбағатайдың қолтығында жатқан Алтын адамдарымыздың рухы мүлдем тапталып, жоғалуға айналған дәуірде Қанипа Бітібаева секілді озық ойлы, қайсар тұлғалы ұлт ұрпағының текті мінезі, білігі мен білімі бір ғана Жамбыл мектебі мен Шығыс Қазақстан өңірінің ғана намысы мен жігеріне қамшы болып қоймай, сол тұста бүкіл Қазақ Елінің, қалың жұртшылықтың рухын көтеріп, абыройын асқақтатып еді...

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған шақта Мәскеуге барып, мектептерді аралаған қазақ қызының трибунадан қасқая қарап тұрып, министрге айтқан сөзі елдің жадында қалды. Қанипа Омарғалиқызы:

«Ресейдің мектеп оқушыларынан Абай Құнанбаевты немесе Мұхтар Әуезовті білесіңдер ме?» деп сұрағанымда, бірде-бір оқушы жауап бере алмады. Менің кез келген оқушымнан Пушкинді не Лермонтовты сұраңыздар, олар өмірбаянына қоса, өлеңдерін де жатқа оқып береді. Орыс мектептерінде Абай, Әуезов шығармалары неге оқытылмайды?!» – деп мектеп бағдарламаларын сынға алуы да сол Бітібаева мінезінің бір көрінісі...

Бірде Қанипа апайдың сіңлісі Бақытгүл маған мынадай әңгіме айтты:

– Осы менің апайым – қызық адам… Ол кісі маған бір жолы: «Ерте ме, кеш пе – адамзатқа о дүниеге қайту бар. Мен қайтқанда... Иә, мені жерлеп, қара жерге тапсырарда «Абай жолы» кітабын қасыма қоса қойыңдар! – деді.

– О-о, ол не сөз?!. Қайдағыны айтпай, тыныш отырыңыз! Ол несі, беталды сөйлеп?! Немене, көрде жатып алып та кітап оқиын деп пе едіңіз? – деп мен де еркелігіме басып, бетін қайтарып тастадым! – дегенді сыр ғып айтқаны бар.

Ойланып қалдым… Бұл жайдан-жай айтыла салған, бекер сөз емес-ау...

Есіме Өрел мен Берелге барған кезім түсті. Кең алқапты алып жатқан қасиетті Алтайдың сұлу қолтығындағы осы бір ертегіге бергісіз ғажайып аймаққа алғаш аяғым тигенде, қатты толқыдым. «Қағандар жазығы» деп аталатын тақтайдай тегіс алаңға толқымай қарау мүмкін емес... Жер де, көк те жап-жасыл. Күллі дүние әлдебір сырлы, жұмбақ күштің арбауына беріліп, үнсіз тіл қататындай... Арғы тарих, орта дәуір, кейінгі кезең бірімен-бірі айқаса құшақтасып, жаныңа нұр себетіндей...

Берелдің жұмбақ жазығына келгенде, алаңның орта тұсындағы үлкен Обаға көзіміз түсті. Осы аймақтың ұлы тарихын зерттеп, жерастының көпғасырлық ғажайып жәдігерлеріне тіл бітіріп жүрген атақты археолог, академик Зейнолла Самашевтың өзі және жігіттері осы аймақта жұмыс істеп жатыр екен. Төртбұрышты терең қазылған көлемді жерде жылқының сүйек қаңқасы жатыр. Басы, төрт аяғы – бәрі сақталған. Қасында қазақтың бес қаруын еске салатын қарулар мен үй-іші заттары және жиһаздар жайғасқан. Ескі зираттың ортасында кісінің сұлбасына ұқсас мәйіт таспен қапталған. Бұл – ерте кезде патшаларды жерлеген уақытта жол серігі тұлпарын, сауыт-саймандарын, қолданған заттарын өзімен жерлейтін көне қағида-дәстүрдің нышаны. Қаншама ғасырлар өтсе де, ұқыптылықпен жерленген әрбір зат өзінің түрі мен тұрпатын жоғалтпаған. Олардың әлі күнге сыны мен сипаты бұзылмай тұрғанына еріксіз таңданасың?!

Берелдің төрінде тұрып, Оралхан Бөкейдің шығармалары мен кейіпкерлері есіме түсті. Берелдің ондаған ғасырлық тарихын елегімнен өткізіп тұрып, туған халқының салты мен санасын, әдебиеті мен рухын тірілтуге бар саналы өмірін арнаған Қанипа Бітібаеваның өр тұлғасы елестеді. Бірі Алтайды әлемге жайған атақты жазушы болса, бірі – қазақтың қуаты күшті көркем әдебиетін тереңдетіп оқыту арқылы ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірген даңқты педагог-ұстаз! Маған аяулы Қанипа Омарғалиқызының сіңлісіне жоғарыда айтқан өтініш-тілегі: «Абай жолы» кітабын кие тұтып, ұлы аруақтарға бас июдің бөлекше бір көрінісі болып көрінді!?.

Бітібаева есімін айтқанда, ол кісіні көрген, сөйлескен, сырласқан, алдынан тәлім алған кез келген адамның ойына «тұлға» деген арқалы ұғымның түсері хақ... Мойнына қызыл галстук байлап, комсомолға өтіп, өз заманына сай білім алып, парасат биігіне көтерілген ұстаздың ең басты қасиеті ұлттық сана мен ұлт рухын өмірінің ұстанымы етіп ғұмыр кешуінде жатыр. Қанипа Бітібаева феноменінің төркінінде тек әдебиетті сүюдің көрінісі ғана тұрған жоқ. Біздің пайымдауымызда, Бітібаева табиғатын тану үшін ел мен жерге, оның тарихы мен болмысына Қанипа Омарғалиқызының санасымен үңіліп, жүрегімен көз салу керек! Сонда ғана тұлға болмысы мен жаратылысы жарқырап, әдебиет, өнер дейтін киелі ұғымдардың қанаты кеңейе түсетіні анық.

Иә...

Сөзі де, өзі де, мінезі де ерекше жаратылған тұлғаның әр басқан қадамы жұмбаққа толы еді!.. Ол кісі ұнатқан адамдарының алдында «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, сөзді де, ойды да түйдек-түйдегімен төгілте сөйлеп, жадырап, жарқырап отыратын. Ұнатпағандары болса, «бетің бар, жүзің бар» демей, айтарын тура айтып салатын ер мінезді жан еді!..

Облыстық жиындардың отырысында әкім-қаралар «Бүгінгі жиналысқа Қанипа Бітібаева мен Бошай Кітапбаев келе ме екен – анығын біліңдер» дейтін көрінеді. «Келетін болса, мұқият дайындалыңдар! Ол кісілердің сұрақ-жауаптары қиын болады!?» – деп әзірленеді екен. Осындай сәттердегі қалың көпшіліктің аяғынан тік тұруы ел ішінде аңыз болып тарап кеткен... Ел-жұрттың жағдайы мен қамы үшін жан аямай кірісетін осы екі адам Шығыстың паспорты сияқты еді. Олар республика деңгейіндегі барлық іске араласып, көпшіліктің тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ат салысып, оқу-білім жайын тексеріп, халықтың ойы мен пікірінің оңтайлы шешімдерін тауып жүретін. Енді, міне, екі бірдей тарлан тұлғаның орны ойсырап қалды...

Халық қамын ойлап, осы жолда адал сөзі мен ісінен жаңылмай өмір сүрген адамды халық ешқашан ұмытпайды. Жүрегінің төрінен лайық орын береді. Хан апамыз – сондай биікке көтерілген жан!

Қанекең ұлты үшін, ұлтының ұлы құндылықтары үшін күрделі дәуірде, турасын айтқанда, қазақ тілі өгейліктің кебін киіп, есік күзетіп қалған Кеңес Одағының тұсында ұлт пен тіл үшін майдан аша білген, күрескерлік пен қайсарлықтың туын биік ұстаған атақты педагог болды... Сөзге, ойға еркіндік тие қоймаған жылдарда ондай жауапкершілік жүгін көтеру оңай емес еді. Өйткені...Бұл кезең ұлтты тану мен танытуға арналған ұстаз сабақтарының жолы тар, кедергісі көп күрделі шақ болатын. Ол кезде құндылықтардан бойы мен ойы аулақтанып, өзге жұрттың рухани ұясына айнала бастаған қалаларымыз бен елді мекендеріміздегі шешуі қиын мәселе жетіп-артылатын... Осы ретте, өмірден озған ұлтжанды білім министрі Шәмшә Беркімбаеваның

«...Қанипаның әдебиет пен тіл майданындағы күресі хас батырымыз Бауыржан Момышұлының мінезін еске салар ессіз ерлік еді!» – деген сөзі еріксіз еске түседі.

Көзі тірісінде аты аңызға айналған Қанипа Бітібаеваның қазақ әдебиеті мен қазақ тілін оқыту үлгісі мен үрдісі күллі Қазақстанның мектептері мен қалың жұртшылығына кең танылды. Бүкіл өмірі халқымыздың басты қазынасы саналар қазақ әдебиеті мен тілін сақтауға, өрістетуге, насихаттауға, соған ұрпақ санасын тәрбиелеуге бағытталған үлкен жүректі, қайсар мінезді ұстаздың өресі бөлек, өзгеше дәрістеріне қатысушылар қатары күн санап көбейгені жадымызда. Қазақстанның Еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваның ұлт әдебиетінің ұлы қайнарларын оқыту методикасының өз реңі, өз бояуы, өз мінезі болды...

Ұстаздың оқу-білім жүйесіне енгізген терең тамырлы концепциясы жаңашыл ұстаздың батылдығы мен біліктілігін көрсетті. Уақыт сұранысын дөп басар әдістемелік шеберлігін танытты. Болашақ маманның сыни ойлау қабілетін дамытты. Ұлт рухын оятты. Сондықтан Қанипа Омарғалиқызының оқу-білім шеберлігінен өткен, тәлім мен тәрбиесін көріп-өскен ұрпақ кез келген саланың жақсы маманы болумен қатар, Қазақ елінің рухани құндылықтарын бойға сіңірген, санасы сергек, ойы терең интеллектуал азамат болып есейіп, өмірден өз орнын тапты. Бітібаеваның дәрісінен қанаттанған кешегі ұл-қыздар алпыс екі тамырында ұлт намысы мен жігері ойнаған ата болды, ана болды.

Тәлімі берік, ойы мен санасы жетік, халықшыл, қоғамшыл, мемлекетшіл азаматтар қалыптасты. Бүгінгі күні ұлт ойы мен санасы сынға түскен Тәуелсіздік дәуірінің қысталаңы мол жылдары тарихқа айналып барады. Осынау тарихи кезеңде ұлттық ойлау биігіне көтерілген, Қанекеңнен тәлім-тәрбие алған оқушылардың есімі Республика жұртшылығына кең танылды... Шәкірттеріне деген көзсіз махаббат пен өзінің сүйген ісіне деген адалдық ұстаз Бітібаеваны абыройға бөледі, биікке көтерді.

Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі» дейді данышпан Абай. Қанипа Омарғалиқызы келешек ұрпақтың оқу-білім саласына мейірленгені сонша – өзінің бүкіл ғұмырын Жамбыл мектеп-гимназиясына арнады. Алматыдағы, Өскемендегі тағы басқа жоғары оқу орындарына қызметке шақырғанда, үйсіз-күйсіз жүрсе де, Өскеменнің төріндегі осынау жүрегінің тұмарындай болған киелі төрін ештеңеге айырбастамады. Ешқайда бармады. Осының өзі мектеп мұғалімінің өз ісіне деген ғажайып сүйіспеншілігінің, ұстаз табандылығының айғағы еді... Жамбыл мектебінде отырып, Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісов, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей т.б. шығармаларына арнап бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер жасап, авторлық оқулар, кештер, семинарлар ұйымдастырды. Қанекең үшін мұндай жұмыстың шет-шегі жоқ еді. Қолмен жазылып, түптелген қазақ әдебиеті өкілдерінің жеке-жеке шығармашылық бағдарламалары әдебиетті оқытудың жарқын үлгісі ретінде қазір жарияланымын күтіп, артында сақталып қалды.

Қанипа Бітібаеваны адам баласында сирек кездесетін осы бір ғажайып таным аясының кеңдігі мен парасат-пайымының тереңдігі үшін, шынайы тұлғаларға тән ірілігі мен педагогке тән қайталанбас арда туған адамгершілік қасиеті үшін айрықша құрметтеп, іздейміз, сағынамыз.

Жол түскен кезде Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназияға барған сайын Қанипа апайдың сабағына қатысып, оқушылармен, мұғалімдермен әңгімелесіп жүрдім. Сондай сәттерде гимназия оқушыларының ұстазы Қанипа апаймен тең дәрежеде пікір бөлісіп, өз көзқарасын жасқанбай дәлелдеп, пікірлесетінін көріп, риза болатын едім. Олар ойын ашық айтып, бірде келісіп, бірде таласып, әртүрлі мінез байқатып жататын. Мұғалім ондай кездерде балалардың ойы мен сөзіне шектеу қоймайтын. Қайта олардың сөйлеу мәнеріне ерекше ден қойып, әрқайсысының ойлау жүйесін, сыни көзқарасын, даралық қасиетін шыңдап, бағалап отыратын. Бұл, шын мәнінде, Қанипа Омарғалиқызының оқу мен білім беру жолындағы ұстанымы ғана емес, өзінің де болмысын танытар дара мінезі, қайталанбас, қалыпқа сыймас тұлғалық бітімі еді!..

Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді...

Өзі көпбалалы үйдің үлкені болып, майдангер әке мен батыр ананың тәрбиесінде өсіп-жетілген Қанипа Омарғалиқызының қалыптасуы – ұлттық биікке көтерілген үлкен жүректі ұстаздың өмір жолы. «Ала жіпті аттамау», «өтірік айтпау», «ойыңды бүкпей, турасын айту», «әлсізге қол ұшын беру», «талап, еңбек, терең ой» дейтін Абай ұсынар принциптерден таймау!.. Міне, айналып келгенде, ұрпақ тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу екенін жан-жүрегімен сезінген жанның өзін-өзі қайрап жүріп, жетілуі – ұстаздық тағдыры мен азаматтық болмысының басты ұстанымы екені даусыз.

Ол кісінің жарқын бейнесі мен ұлтқа адал қызмет етудің өрісті үлгілері күн тәртібінен түскен емес. «Бітібаева үрдісі», «Қанипа апайдың дәрісі», «Хан апаның мінезі мен ісі» деген сөздерді әлі күнге дейін конференциялар мен кәсіби талқылауларда жиі естиміз.

Ұстаздық – ұлы ұғым!

Ұстаздық – ұрпақ алдындағы ұлы парыз!

Қанипа апайымыздың ойы мен бойынан біз осы «ұғым», «парыз», «міндет» деген тәрбие тағдырын анықтайтын ұлт жауапкершілігін арқалаған ұғымдар алдындағы адалдықты әркез жүрегімізбен сезінуші едік... Біреудің басына түскен қарапайым қиындықтан бастап ұлт, ұрпақ иығына түскен уақыттың ауыр салмағына дейін Қанипа Омарғалиқызының жұдырықтай жүрегін айналып өтпейтіндей еді...Ол кісі адам тағдырын қоғам тағдырынан бөліп қарамайтын. «Адам өмірін қоғам мен заманның илеуіне салып қойып, үнсіз отыруға болмайды... Ондай мәселеге араласу үшін бастық, депутат, министр болу қажет емес. Азамат болу қажет! Айтарың біреуге ұнар, біреуге ұнамас... Дана Абайдың нұсқауын басшылыққа ал! Жүрегіңе сен! Жүрек қателестірмейді. Айтатын жерде айту керек!» деп отыратын.

Қанипа апаймен кездескен кезде ешқашан өмірдің кәкір-шүкір, ұсақ-түйек, есеп-қисап әңгімелері айтылмайтын. Екеуміз аса жиі болмаса да, ара-тұра кездесіп тұрушы едік. Мен тілді оқытуға қатысты өз тірлігімді айтамын. Ол кісі әдебиетін жеріне жеткізе айтатын. Өмір... Қоғам... Ел... Жер... Ұрпақ... Ұлт... секілді философиялық ойлар иіріміне келгенде Қанекеңнің екі көзі оттай жанып, ерекше шабыттанып кетуші еді... «Менде артық дүние жоқ! Байқаймын... Нұрлан екеуіңде де солай... Қастарыңа дос жинайтындарың маған ұнайды. Қай жылы Нұрланның алпысжылдық тойында Айтматовтан бастап кілең ығай-сығай мықтылар отырған стол басында кім болмады?! Әкім де, ақын да, ғалым да, мәлім де, биші де, күйші де... Бастары сыймайтындардың басы сыйысып отырғанын көріп, іштей риза болып ем... Әсіресе... Сол тойда Жармахан Тұяқбаев бастаған бір топ көкжалдың отырғанына айрықша таңданып, риза болдым!..» деген сөзі көпке дейін есімнен кетпей жүрді.

Иә...

Қанекең адамды «бай», «кедей», «би», «бишікеш» деп бөлмейтін. Бәрін бірдей көретін. «Алла Тағала бізді тең етіп жаратты, тең болып, теңдікте жүріп өмір сүруіміз керек!» дейтін.

Қанипа апай Омарғалиқызы өзінің қара жер төсіндегі мақсат-міндетіне, жүріс-тұрысына көлеңке түсірмей, тік жүріп, тура сөйлеп, туған халқының алдындағы перзенттік парызын толық атқарып өтті...

Ел жадында Қанипа Бітібаеваның өр тұлғасы өзінің асқақ бейнесімен, «Қазақтың қайсар қызы» деген атымен өз биігінде мәңгілікке қалды…

 

Фаузия Оразбаева,ҰҒА академигі, педагогикағылымының докторы, профессор

Ана тілі. - 2025. - 27 наурыз (№13). - Б. 9

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2025
Besucherzahler
счетчик посещений