Алтай аясындағы Аршаты
Жонында барыс жортқан Аршаты ауылы – Алтайдың қиыр қуысында. Одан әрі ауыл жоқ. Арайлап атқан күннің шапағы да әуелі осынау елді мекенге түседi. Демек, ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қазақтың жеpi Аршатыдан басталады.
Күре жолдан он төрт-ақ шақырым қашықтағы ауыл. Асфальты жоқ демесе, жолы тәп-тәyip. Қос қапталы қармен көмкерілген жасыл шырша, жалт-жұлт еткен аппақ қайың. Бұл ауылда жалғыз-ақ көше. 62 түтін қалған. Халық саны – үш жүзге жетер-жетпес. Мектебіндегі бала да жылдан-жылға азайып, 41-ге түсіпті. Қиыр қуыста жатқан соң да шығар, бұл жақ кәсіпкерлікке қолайсыздау. Жаздың күні ғана бие байлап, нәпақа айыратындар бар. Ауылдағы тұрақты жұмыс – мектеп пен Ұлттық паркте ғана. Туризм дейтіндей, Аршатыға ара-тұра ғана демалушы келеді. Ертегідегідей сұлу көріністі көрсе, білсе, бәлкім, көптің аңсары ауар. Айрандай ұйыған Аршаты. Бұл ауылдың адамдары өте ұйымшыл. Тентегін тезге салатын үлкендері бар, үлкенді сыйлап тұратын жастары бар. Бip қуанарлығы, түкпірдегі бұл ауыл ауызсуға да, интернетке де қол жеткізген. Аршатыға жете берісте бұғы шаруашылығы да қолға алынып жатыр екен.
Мерей Қайнарұлы
Арайлы Катонқарағай. - 2025. - 7 ақпан (№5). - Б. 5